16:28 |
Понедельник 7 Октября 2024
|
||
05:43:21 09-07-2012
Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күресті жақсарту мүмкін бе?
Қазақстанда жемқорлық сияқты әлеуметтік қасіретке қарсы күрес жалғасу үстінде. Осыған байланысты елімізде көптеген мемлекеттік және мемлекеттік емес жемқорлыққа қарсы күрес тетіктері іске қосылған. Солардың қатарында ҚР Президенті жанындағы Жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссияны, «Нұр Отан» ХДП-ның жемқорлыққа қарсы күрес бойынша республикалық қоғамдық кеңесін, Экономикалық және жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттікті, «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорын айтсақ та жеткілікті. Осындай сан түрлі жемқорлыққа қарсы күрес тетіктері олардың барлығының күш-жігерін қосса да келеңсіз құбылысқа қарсы тұра алмай келеді. Қазақстанда жылда жемқорлық фактілерінің беті ашылып, құқық бұзушылықтар тіркеліп жатады. Мәселен, Экономикалық және жемқорлық қылмысқа қарсы күрес агенттігінің мәліметіне қарағанда, 2011 жылы олардың саны 1330-дан 1780-ге дейін ұлғайған. Және бұл тек қана қаржы полициясы органдары анықтап, тіркеген құқық бұзушылықтар. Ал шын мәнінде мұндай құқық бұзушылықтың көптігі сондай, ешкім де оны тап басып айта алмайды. Егер негізгі жемқорлыққа қарсы күрес тетіктерін жеке алып қарасақ, әрқайсысының өзіндік кемшіліктері көрінеді. Мәселен, президенттік комиссияның қызметі мемлекеттік саясаттың түрлі сфераларында жемқорлыққа қарсы күрестің өзекті мәселелерін қараған мәжілістер өткізу формасында. Осы мәжілістер қорытындысында нақты ұсыныстар қабылданады. Соңғы рет комиссия үстіміздегі жылы 5 мамырда мәжіліс өткізіп, құрылыс, тұрғын үй-шаруашылық және жерді пайдалану мәселелері бойынша проблемаларды ортаға салды. Мұнымен бірге осы комиссия жұмыс барысында орталық мемлекеттік органдар мен облыстық әкімдердің есептерін тыңдайды. Алайда, бұл есептер өзінің ақиқаттылығы жағынан қандай да бір бағаға ие болмайды. Оны былай қойғанда, комиссия құрамында азаматтық қоғам институттарының өкілдері жоқ. Мұның бәрі аталған комиссия жұмысын біржақты етіп, оның тиімділік деңгейін төмендетеді. Бүкіл ел көлемінде жемқорлыққа қарсы күрес процесіндегі жетекші рольді «Нұр Отан» партиясы өзіне алуға тырысуда. Бірақ оның ең үлкен жұмысы айыпталған шенеуніктерді өз қатарынан шығару және түрлі насихаттық акциялар ұйымдастыру болып келеді. Және «Нұр Отанның» қатарынан шығарылу белгілі бір лауазымды тұлғаның қызмет сатысымен өсуіне соншалықты салдарын тигізіп жатқан жоқ. Ал қоғамдық кеңестердің белгілі бір мәселелер бойынша, әсіресе, кадр саясатына байланысты ұсыныстары қабылдануға немесе орындалуға міндеттелмеген. Соның бір дәлелі – 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың бұрын криминалдық ісі бар өз орынбасары Болат Әлиевті орнынан алуға байланысты осы кеңестің ұсынысына құлақ аспады. Оны былай қойғанда, «Нұр Отан» ХДП-ның жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының жұмысы науқаншылдық сипат алып барады. Жұртшылықтың есінде болса, партияның бір белсендісі Мирболат Күнбаевтың «Мен жемқорлыққа қарсымын» кеуде белгісін енгізу туралы бастамасы «Нұр Отанның орталық аппаратында сынға ұшырағаны белгілі. Қаржы полициясындағы басты кемшілік олар өздерінің жемқорлыққа қарсы күресін кәсіпкерлік қызметке қатысты бақылау функцияларымен шатастырып алатыны. Көбінесе негізделмеген тексерулер өткізіп, жеке бизнес нысандарының жұмысына заңсыз араласу арқылы бұл орган және оның қызметкерлері жемқорлық процесіне өздері де тартылғанын білмей қалады. Мысалы, Елбасы бастамасымен қолға алынған «Бизнесті Президенттік қорғау» бағдарламасы аясында қаржы полициясы органдары атына түскен арыз-шағымдардың саны 2010 жылы 85, 2011 жылы 61 болды. Соңғы кездері қаржы полициясы қызметкерлерінің өздерінің арасында жемқорлық құқық бұзушылық фактілері жиі кездесіп жүр. Қазақстандағы құқық қорғау органдарының барлығының қызметіндегі басты жүйелі проблема – оның негізінен жекелеген жемқорлық фактілеріне қарсы күреске бағытталуы. Жемқорлықтың пайда болуына және өсуіне тосқауыл қоятын факторлар мен жағдайларды жою немесе алдын алу мәселелеріне бұл органдар назар аудара бермейді. Тағы бір проблема – әртүрлі құқық қорғау органдары арасында толыққанды ықпалдастық жоқ. Жемқорлыққа қарсы күрес олардың өзара бәсекеге түсуіне, тіпті, өзара қатынастарын басқа жолмен шешуіне әкелуде. Әсіресе, бұл ҰҚК мен қаржы полициясы органдары арасында жиі байқалады. Қолданыстағы заңдылық түрлі шенеуніктер мен оларға қатысты жеке бизнес өкілдері арасындағы өзара қатынас желісі бойынша пайдаланылатын сан алуан жемқорлық схемаларына сәйкес келе бермейді. Мәселен, қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлер арасында неғұрлым кеңінен таралған жемқорлық формасы пара алу немесе түрлі сыйлық беру, мемлекеттік сатып алу мен тапсырыстар кезіндегі заңсыз әрекеттер арқылы көрініс береді. 2001-2005жылдарға арналған және 2006-2010 жылдарға жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда айтарлықтай кемшіліктер мен ағаттықтарға жол берілді. Мәселен қазіргі кезге дейін өз ұстанымын тықпалауға (лоббирование) байланысты мәселелерді реттейтін заң қабылданған жоқ. Жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық институттардың қатысу деңгейі өте төмен. Бір жағынан ол осындай институттармен жеткілікті деңгейде ықпалдаспайтын және жағдай жасамайтын мемлекетке байланысты. Екінші жағынан бұл институттардың өздері осы бағыт бойынша ықпалдаса жұмыс істеуге белсенділік таныта бермейді. Мұнымен бірге түрлі қоғамдық ұйымдар, әсіресе, саяси партиялар жемқорлыққа қарсы күрес әрекетін өздеріне пияр жасауға пайдаланады. Жалпы, Қазақстанда жан-жақты қолданылған шараларға қарамастан жемқорлық тұрақты сипат алды. Ал оған қарсы жүргізіліп жатқан күрес тиімді емес. Алайда, бұл тек мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдар жұмысының кемшілігі салдарынан деп есептесек, қателескен болар едік. Барлық деңгейдегі шенеуніктерді бар мәселе бойынша кіналап, ел басшылығының саяси ерік-жігеріне күмән келтіру бізде бұрыннан дәстүрге айналып кеткен. Көптеген азаматтар жемқорлықтың тамырына балта шабу үшін өзім не істедім деп ойланбастан-ақ жауапкершілік жүгін толығымен мемлекетке артады. Ұлы Абай қазақ қоғамындағы жемқорлық негізін байлық жию, оған биліктің көмегімен ұмтылу ықпалымен адамдардың моральдық-адамгершілік азуынан көрген жоқ па? Өзінің 8-ші Қара сөзінде ол былай дейді: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді». Бұл сөздің өзектілігі күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Біздің қоғамда негізінен кім пара алса, соны кіналайды. Бірақ азаматтардың өздерінің шенеуніктерге, жол полициясына, мұғалімдерге, дәрігерлерге, тағы басқаларға сыйлық ұсынуы адамгершілікке жатпайтын қылмыстық іс екенін есепке алмайды. Осыған байланысты жемқорлық қазақстандықтардың әлеуметтік мәдениеті мен психологиясының құрамдас бөлігіне айналып кеткен. Сондықтан тек шенеуніктерге ғана емес, жалпы қоғамға сын айтар кез келді. Ақша мен басқа да материалдық байлық қуып, «бәрін де қамтып қалу» принципімен өз қажеттілігін ғана қанағаттандыруға ұмтылу салдарынан адам рухани мәнін жоғалтады. Әсіресе, қазіргі түрлі материалдық игіліктерді алуға, оның өзінде көбінесе еңбектенбей, ауадан ақша жасап, өзінің өмірлік мәселелерін шешуге толық мүмкіндік жасалған кезде жалған жолға түсу оңай. Осы жерде «Жаманқұл мен Қарабай» атты қазақ ертегісі еске түседі: Мысал келтірейік: «Қарабай ақшаны алып, жаны тыныш тапты. Бірақ көп ұзамай ұйқыдан айрылып, мазасы кетті. Аяқ астынан жұмысбасты болды. Сатты, сатып алды, ауыстырды және алдады. Ақша оның бар уақытын алды. Қарабай күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Бірақ, қорытындыда ол бұған шыдай алмай, арам жолмен алдап-арбап тапқан ақшасын лақтырып тастап, тыныш қана, қуанышта өмір сүреді. Әрине, бұл қазақстандықтар бар ақшасынан, материалдық құндылықтарынан құтылу керек деген сөз емес. Барлық жерде, барлық мәселеде сананы таза ойларға бұрса болғаны. Сонда жемқорлық біртіндеп өзінен-өзі жойылады.
«Ұлт Times», 5.07.2012 г. Андрей Чеботарев
Просмотров: 30846 « Вернуться назад
|