Главная 


ЧИТАЕМОЕ



Публикации: Мнения и комментарии


12:09:25 11-01-2012

Андрей Чеботарев: «Руханияттың» бірде-бір қолдаушысы бас көтермеді

- Сарапшы ретінде алдағы Парламент сайлауынан не күтесіз? Бұл сайлау бізге не береді?

- Барлығы мемлекет басшылығының алға қойған мақсаттары мен көздеген мүддесіне байланысты. Өткен жылдың аяғына таман Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын таратып, кезектен тыс сайлау өткізудің белгілі бір себебі болғаны анық. Яғни, саяси жүйеде белгілі бір өзгерістер болатыны айқын. Ал ол өзгерістердің ауқымы қандай болары әзірге белгісіз.

Екі болжам бар. Билік шын мәнінде саяси жүйені реформалауға кірісуі мүмкін. 2011 жылдың сәуір айында президент Н.Назарбаев инаугурацияда сөйлеген сөзінде бірқатар мақсаттар мен міндеттерді белгілеп көрсеткен болатын. Алдағы өзгерістер сол бағытта болуы ықтимал. Бұл орайда орталық деңгейдегі негізгі мемлекеттік билік институттарының өкілеттіліктері біраз өзгеріске ұшырауы мүмкін.

Екінші болжам бойынша, президент басқарушы элитаның өз ішіндегі күштердің тепе-теңдігін қайтадан бір теңгеріп қоюмен шектеледі. Ондай жағдайда сайлаудан кейін бірқатар елеулі кадрлық өзгерістер болуы ықтимал. Ал модернизациялау шаралары жүйелі түрде емес, конъюнктуралық тәртіпте ғана жүруі мүмкін. Басқаша айтқанда, жаңа мәжілістің жасақталуымен модернизацияның қарқыны бәсеңдеуі ықтимал.

Алдағы сайлау партиялар үшін де, жалпы депутаттық корпус үшін де айтарлықтай маңызды емес. Олардың маңыздылығы Қазақстанның алдағы даму бағытына тікелей тәуелді болмақ. Егер алғашқы болжам расқа айналса, онда жаңа шақырылымдағы Парламент реформаларды заңдық жағынан қамтамасыз ету бағытында қарқынды жұмыс жасайтын болады. Мұндайда парламенттің өкілеттілігін кеңейту мәселесі де туындауы мүмкін. Ал егер екінші болжам дұрыс шықса, онда жаңа шақырылымдағы Парламенттің алдыңғысынан еш айырмасы болмайды. Тек кем дегенде екі партияның өкілдері болатынын есептемегенде, әрине...

- «Нұр Отаннан» өзге тағы қай партиялардың Парламентке баратын мүмкіншілігі бар?

- Жаңаөзендегі қайғылы жағдай, Рсеейдегі Мемлекеттік Думаға сайлау нәтижелеріне деген наразылық Ақорданың Парламент Мәжілісінің болашақ құрамына қатысты жоспарларына айтарлықтай өзгеріс енгізуі мүмкін. Дәлірек айтқанда, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясын аздап ысырып, Мәжіліске тағы да екі партияны жіберуі мүмкін. Қазіргі жағдайға қарағанда ол екі партияның бірі «Ақ жол» да, екіншісі халықтық коммунистер болуы әбден мүмкін.

- Ал «Руханият» партиясының төңірегінде қалыптасқан жағдайды қалай бағалайсыз?

- Партияның бұрынғы төрайымы Алтыншаш Жағанованың партиялық тізімді бекіткен кезектен тыс 8-ші съезге қатысты мәлімдемесін арнайы технология деп бағалауға болады. Яғни, партияны сайлау науқанынан алып тастау технологиясы. Олай дейтінім, Жағанова партияның съезі өте салысымен де, партиялық тізім Орталық сайлау комиссиясында тіркеліп жатқан уақытта да ешқандай мәлімдеме жасамаған. Ешбір шағым айтпаған. «Руханият» партиясының қазіргі көсемдері мен партия атынан түсіп жатқан үміткерлер Жаңаөзен тақырыбын қарқынды көтере бастаған сәтте билік өз технологиясын іске қоса қойды. Оның үстіне бұл партия ұлттық-патриоттық бағытты ұстанып, өздерінің қатарына Мұхтар Шахановты тартты. Билік осыдан қорықты. Өйткені, «Руханият» партиясының атынан сайлауға түсіп жатқан үміткерлер қоғамды дүрліктіріп, Жаңаөзен оқиғасына да ұлттық реңк беруі мүмкін еді.

Бұл мәселенің бір жағы. Ал екінші жағын айтар болсақ, егер Серікжан Мәмбетәлин мен оның жақтастары о бастан-ақ ішкі ұйымдастырушылық жұмыстарын жолға қойған болса, барлығын заң шеңберінде жасаса, Бас прокуратура да, Орталық сайлау комиссиясы да ештеңе істей алмайтын еді. Алайда, партия басшылығы кемшілікке жол берген. Мұны билік ұтымды пайдалана білді.

«Руханият» партиясы биліктікі де емес, оппозициялық та емес. Партияның ұлттық мәселеге табан тіреуі, үміткерлерді бір ғана қазақ ұлтының өкілдерінен жасақтауы да өздеріне таяқ болып тиді. Осының нәтижесі шығар, халық арасынан да, қоғамдағы басқа топтардың арасынан да «Руханият» партиясына ешкім қолдау білдірмеді.

- Өздерінің әрекетсіздігін ашық мойындап, Парламентті өз еркімен таратқан өткен шақырылымдағы кейбір депутаттар сайлауға тағы түсіп жатыр. Қалай ойлайсыз, олардың моральдық хақысы бар ма?

- Бұл арада Парламент Мәжілісін тарату жөніндегі атышулы мәлімдемеде тұрған түк те жоқ. Мәселе депутаттардың пайдалы тірлікпен айналысуына қатысты. «Нұр Отан» партиясының тізіміне енген бұрынғы 49 мәжілісменнің ішінде депутат бола жүріп өзін жақсы жағынан танытқандары некен-саяқ. Өкінішке қарай, ол депутаттар моральдық принциптерге аса бас ауыртпайтын секілді.

- Өзіңіз кімдерге қолдау білдіресіз?

- Парламент жұмысының тиімділігі артуы үшін, заң шығарушы орган халықтың барлық топтарының мүддесін қамтуы үшін, билік пен азаматтық қоғам институттары арасында толыққанды диалог болуы үшін парламентте беделді де белсенді партиялардың өкілдері отыруы керек. Оның ішінде оппозициялық партиялар да бар. Депутаттар сайлаушылардың таңдауын аяқасты етпеуі керек!

«Jaqsy.kz», 9.01.2012 г.
Жұлдыз Әбділда

 

Просмотров: 35591       « Вернуться назад